Құқық

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Заң

Елімізден шығарылып жіберілген адам неше жылдан кейін қайта оралуға құқылы?

— Қарақалпақстанда тұратын інім осында келіп жұмыс істеп жүргенінде заңға қайшы қылықтары үшін сот шешімімен еліміздің аумағынан шығарылып жіберілген еді. Ол енді қайтып көшіп келе ала ма? Ондай мүмкіндік болса, кешірім жасалуы үшін неше жыл өтуі керек? 

Парахат,

Алға қаласы. 

— «Халықтың көшi-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шiлдедегi ҚР Заңына сәйкес Қазақстан Республикасына көшiп келудiң тарихи отанына оралу, отбасын бiрiктiру, бiлiм алу, еңбек қызметiн жүзеге асыру мақсаттары көзделетін, гуманитарлық (қайырымдылық көмек көрсету және гранттар беру, сондай-ақ бiлiм беру, денсаулық сақтау және әлеуметтiк көмек саласында өтеусiз негiзде қызмет көрсететін волонтерлер) және саяси (босқындыққа ұшырау, саяси пана алу) уәждер бойынша жүзеге асырылатын негiзгi түрлерi бар. Заңның 49-бабына сай елімізде тұрақты тұруға арналған рұқсатты берген кезге дейiн бес жылдың iшiнде Қазақстан Республикасынан шығарып жiберiлген көшiп келушiлерге тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тартылады.

 

Полиция дұрыс жауап бермесе, қайда шағымданамын?

— Менің ауылдан 10 шақырымдай қашықтықта мал ұстап отырған жеріме түнде беймезгіл уақытта (сағат 11.00-ден кейін) төрт адам болып келіп, екі куәнің (жолдасым мен қойшы) көзінше (мені қосқанда жеті адамбыз) жалған жала жауып, тыныштығымды мазалап, қан қысымымды көтеріп, тіл тигізіп, кемітіп кеткен Н-нің әрекетіне шара қолдану мақсатында аудандық ішкі істер бөлімшесіне арызданғанмын. Алайда МАІІБ-і «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР Заңының 10-бабына (өтініштерге берілген жауаптар) сәйкес, толыққанды жауап бермей, арызымды негізсіз қараусыз қалдырды. Осыған орай Сізге қояр сұрағым: 1. Н-нің әрекетінде құқық бұзушылық құрамы бар ма? 2. МАІІБ-нің қызметкерлері менің Н-нің үстінен шара қолдану үшін жазған арызыма ҚР-ның заңнамасына сілтеме жасамай, менің дәлелімді жоққа шығаратын немесе растайтын нақты деректерді қамтымай жауап бергендігі қаншалықты заңды?
Егер де Н-нің әрекетінде құқық бұзушылық құрамы бар болса, оны жауапкершілікке тартуды қандай орган жүзеге асырады және оны жүргізу тәртібі қалай?

Г. Кирбасова,

Мұғалжар ауданы.

— Шағымданып отырған адамыңыздың әрекетінде құқық бұзушылық белгілері бар-жоқтығына біз баға бере алмаймыз. Арызыңызды қараған полиция органы түнде беймезгіл уақытта шырқыңыз бұзылғанда құқық бұзушылық әрекеттің орын алғанын немесе алмағанын, егер алса, оның қылмыстық әрекетке немесе әкімшілік құқық бұзушылыққа жататынын анықтауға және арызыңызға жауап қайтаруға міндетті.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 634-бабында әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалуы үшін дәлелдер мен негіздеме болуы керектігі көрсетілген. Осы баптың 2-тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректердің болуы әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау үшін негіздеме болып табылады. Әкімшілік құқық бұзушылық жасалғаны туралы хаттама жасалған кезден бастап іс қозғалған болып саналады. Хаттаманы полиция органының уәкілетті қызметкері рәсімдейді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс прокурор қаулысымен де қозғалуы мүмкін.

Қылмыстық істің қозғалуы үшін құқық бұзушылардың әрекетінде, әрине, қылмыс құрамы болуы тиіс.

Полиция бөлімшесі арызыңызды қараусыз қалдырған немесе қайтарған жауабына көңіліңіз толмаған жағдайда қанағаттанбау себебін көрсете отырып, жоғарғы полиция органына және прокуратураға шағымдана аласыз.

 

Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

тел.: 8 (7132) 51-04-13; 8-707 892 55 14; 8 707 586 11 10

E-mail: sultan.ns@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button